Shyraq.com шығармашылық порталы

Жоба туралы

admin_shyraq

Shyraq.com шығармашылық порталы

Жоба сипаттамасы:
Шығармашылық тұлға бастауыш сыныпта қалыптасатыны анық. Осы жастағы балалар бойында шығармашылық қабілеттің бастаулары жатыр. Тек тәжірибенің, эстетикалық көзқарастың аздығынан балалар бойындағы шығармашылық қабілетті ашып көрсете алмайды. «Бұлақ көрсең көзін аш» дейді дана халқымыз. Сондықтан бала шығармашылығы үнемі үлкендер тарапынан қолдау тауып отыруы тиіс.
Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі-баланың жастайынан шығармашылық қабілетін қалай қалыптастыруға болады деген сұрақпен үндес. Зерттеу бойынша, әрбір жаста шығармашылыққа баулуға өзек болардай өзіндік ерекше қабілет, бейімділік болады екен. Сондықтан жастайынан балаларды шығармашылық дамуға бағыттап, бағдарламаса онда жоғарғы сыныпқа келгенде балалардың шығармашылық мүмкіндіктері шектеліп, тоқырап қалады.
Қабілет — бір немесе бірнеше әрекеттерді нәтижелі орындаудың шарты болып табылатын адамның жеке ерекшелігі. Адамға кез-келген іс-әрекеттерді нәтижелі орындауға мүмкіндік беретін қабілеттердің сапалық үйлесімі-дарындылық деп аталады. Ал дарындылықтың жоғарғы дәрежесі-талант.
Шығармашылық сөзінің этимологиясы «Ойлап табу» дегенге келіп тоқталады. Демек, жаңа нәрсе ойлап табу және сол арқылы жетістікке жету. Философиялық сөздікте шығармашылық-қайталанбайтын, өзіндік мәні бар, жоғарғы сападағы жаңалық ашатын іс-әрекет деп түсіндіріледі. Көрнекті психолог Л.С Выгоский шығармашылық деп жаңалық ашатын әрекетті атаған. Ал осы мәселені терең зерттеген психологтардың бірі Я.А Попамеров шығармашылықты даму ұғымымен қатар қояды. Өйткені әрбір жаңалық, әсіресе интелектуалдық тұрғыдан болса, ол баланың психикасын жаңа сапалық деңгейге көтереді деп есептейді. Бұл пікір бүгінгі күнгі педагогика талаптарына сәйкес келуімен көңілге қонымды.
Шығармашылық-қоғамның материалдық және рухани өмірін жетілдіруде бұрын болмаған адамның танымына және шындықты түрлендіруге бағытталған белсенді іс-әрекет жиыны.
Порталда 4-12 жас аралығындағы балалар шығармашылығына арналған онлайн байқаулар, ата-аналармен және балалардың өзімен жеке сұхбаттар, сонымен қатар еліміздің барлық аумағынан дарынды балалардың еңбектері әр сала бойынша жеке жарияланып отырады.

Жоба мақсаты:
Қазақстанның әр аумағындағы дарынды балалардың шығармашылығын дамыту және өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік беру.

Міндеттері:
— Балалар шығармашылығын дамыту;
— Балалардың өнерге деген қызығушылықтарын ояту;
— Жетістікке жеткен балалардың тәжірибелері арқылы басқа балаларға мотивация беру;
— Шалғай ауылдағы балалардың өнерін көпшілікке таныту;
— Балалардың қабілетін сынап көруге мүмкіндік беру;
— алалардың бойындағы жаңа мүмкіндіктерді ашу;

Жобаны іске асырушы: «Рух жаңғырығы» қоғамдық қоры